Жаңа ереже: мобильді аударымдар салықшылардың назарында
Қазақстанда мобильді аударымдарға қатысты шекті мөлшерді есептеу тетігі өзгереді. Бұл турады LS-ке Мемлекеттік кірістер комитетінде баяндалды.
Жаңа талап жобасында жеке тұлғалардың шоттарына түсетін қаражатқа қосымша бақылау қарастырылған. Егер үш ай қатарынан түскен қаражаттың жалпы көлемі 12 АЕК-тен асып кетсе (2025 жылы ең төменгі жалақы – 85 мың теңге болғанда бұл шамамен 1 млн теңге), банктер салық органдарына осындай клиенттер туралы ақпарат беруге міндеттелмек. Құжат қазір келісу кезеңінде.
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, тексеру критерийлері Салық кодексінде көрсетілмеген, олар қаржы министрлігінің Ұлттық банкпен келісілген бұйрығымен белгіленеді. Жаңа талап жеке тұлғаларға қатысты болады, егер олардың жеке (бизнеске арналмаған) шотына үш ай бойы әр айда кемінде 100 түрлі жіберушіден ақша түссе. Мысалы, тамызда – 101 адамнан, қыркүйекте – 130, қазанда – 100 адамнан қаражат түскен жағдайда бақылау қолданылады.
"Бұл жағдайда банк мұндай жеке тұлға туралы ақпаратты салық органдарына жеткізеді. Сондай-ақ, әрбір екінші деңгейлі банк мұндай есепті тек бизнеске арналмаған жеке шоттар бойынша бөлек жүргізетін болады", — делінген комитет жауабында.
Мониторинг теңгедегі ғана емес, шетел валютасындағы аударымдарды да қамтиды.
Егер кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалса, салық органдары камералдық бақылау жүргізеді. Мұндай жағдайда жеке тұлғаға хабарлама жіберіліп, оны 30 жұмыс күні ішінде орындау қажет болады. Егер азамат келіссе, онда салықтық есепке тұруға міндеттеледі. Ал келіспеген жағдайда мемлекеттік кірістер органына жазбаша немесе электронды түрде түсіндірме жолдауы тиіс.
Мобильді аударымдар арқылы жиналған қайырымдылық қаражаттары волонтёрлік қызметке жатқызылады. Бұл жағдайда ұйымдастырушы түскен қаржы жөнінде көмек алушыға есеп беруге міндетті, ал мұндай қаражатқа салық салынбайды.
"Алайда үш айдың ішінде шотқа 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан қаражат түскен жағдайда, банк мұндай операцияларды бақылауға қоюы мүмкін. Мұндай кезде азаматтан түсіндірме құжаттары талап етіледі. Мысалы, қорымен жасалған келісімшартты немесе жиналған қаражат бойынша есепті ұсынуы қажет",- деп атап өтті комитетте.