July 25. 2024. 1:57

Казахстан

POLITICS & ECONOMICS & NEWS

Әбиба Әбужақынова тарихты жасауға дайын: Париж татамиінде оған қарсы кімдер шығады

Дзюдошы Әбиба Әбужақынова Қазақстан құрамасының нағыз үздігіне айналды.

Соңғы екі жылда ол әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрініп, екі рет тұғырдың үшінші сатысына көтерілді.

Биыл Әбиба Әбужақынова әлемдік жарыстарда бес рет жүлде алды. Португалиядағы Гран-при турнирінде үшінші орыннан көрінді, Баку мен Антальядағы Grand Slam додасын қоламен аяқтады. Ташкенттегі "Үлкен дулыға" бәсекесінде күміске қол жеткізсе, Әбу-Дабидегі әлем біріншілігінде екінші рет қола медаль еншіледі.

Дзюдодан 48 келі салмақтағы басты фаворит – жапониялық Нацуми Цунода. Ол наурыз айынан бері ірі жарыстарға қатыспаса да, фаворит қалпынан айнымайды. Өйткені, оның бабын жоғалтып алғанына сену өиын. Азғантай үзіліске дейін ол өзі қатысқан барлық жарыста топ жарды. Әлемнің үш дүркін чемпионы Парижге өзінің алғашқы олимпиадалық жүлдесін алу үшін барады.

Италия құрамасының мүшесі Ассунта Скутто да мықтылар қатарында. Жақында өткен әлем біріншілігінде ол финалға дейін жетіп, күміс медаль алды. Оның жүлде қоржынында әлем чемпионатының екі қола, бір күмісі бар. Ассунтаның қарқыны да жаман емес. Ол өзі қатысқан жарыстардан жүлдесіз оралмады. 2023 жылғы әлем чемпионатында Әбибаны қоладан қаққан да сол Ассунта болатын.

Бұл салмақта көпшілікке тосынсый жасайтын белгісіз балуан да жоқ емес. Моңғолиялық Бавуудорж Баасанхуу соңғы әлем чемпионатының алтынын олжалады. Турнирдің жартылай финалында ол біздің Абибаны ұтса, финалда италиялық Скуттодан басым түсті. Азия чемпионатының жартылай финалында да моңғол қызы Абибаны жеңіп кеткен. Қазақстандық дзюдошы оны 2023 жылғы әлем біріншілігінде ұтқан.

Биылғы маусымда 18 жастағы швед қызы Тара Бабулфат жақсы қырынан табылды. Оның басты нәтижесі – 2024 жылғы әлем біріншілігінің қола медалі. Әлемдік жарыста ол Ассунта Скуттодан ғана ұтылды. Сондай-ақ, Тара Grand Slam додаларында жақсы нәтиже көрсетті. Иә, үнемі тұрақты болды дей алмаймыз. Десе де, оны қатардан шығаруға болмайды. Мәселен, Бакудегі турнирде Бабулфат Абибаны жеңді. Ал Ташкентте қазақ қызы есе қайтарды.

Әлемге үздік дзюдошыларды сыйлаған Франция атынан Ширин Букли сынға түседі. Үш дүркін Еуропа чемпионының жеңіс тұғырына шығатын әлеуеті бар. Оның үстіне, өз елінде ол әлдеқайда сәтті өнер көрсетеді. Биылғы ақпанда Брукли Парижде өткен Grand Slam турнирінде топ жарды. Оның жүлде қоржынында 2023 жылғы әлем чемпионатының күмісі де бар. Дохадағы доданың жартылай финалында ол Әбужақынованы жарыс жолынан шығарған.

Бұл салмақта Милица Николич (Сербия), Катарина Коста (Португалия), Тугче Бедер (Түркия), Лейла Алиева (Әзербайжан) бар. Олардың бәрі де бір-бірін жақсы біледі. Егер Цуноданы есепке алмасақ, алтынға кімнің басты үміткер болатынын да білмес едік. Бұл жерде шеберлік пен салқынқандылық және физикалық дайындық деңгейі ерекше роль ойнамақ. Бұл тұрғыда Абибамен проблема болмайды деп сенеміз. Ол Олимпиадада жүлде алған қазақтың тұңғыш дзюдошы қызы атануға әбден лайықты.

Сурет: olympic.kz