Инвесторлар неге қазақстандық жобалардан бас тартып жатыр
Өнеркәсіп министрлігі LS редакциясының сауалына берген жауабында шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы жобалардан кету себептерін түсіндірді.
Министрліктің мәліметінше, тізімге түрлі елдердің компаниялары енген. Дегенмен нақты компания атаулары жария етілмеді.
Министрлік инвесторлардың жобаларды тоқтатуы немесе олардан шығуына себеп болған негізгі факторларды атап өтті:
- компаниялардың қаржылық ахуалының нашарлауы;
- жаһандық инвестициялық стратегиялардың өзгеруі;
- сыртқы экономикалық шектеулердің ықпалы;
- жобалардың табыстылығының төмендеуі.
Сонымен қатар министрлік өңірлік мемлекеттік органдармен, шетелдік мекемелермен және өзге де мүдделі тараптармен бірлесіп кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, инвестиция тарту және тоқтап қалған жобалардағы іскерлік белсенділікті қайта жандандыру бойынша шаралар қабылдануда. Сондай-ақ, әрбір инвестордың мүддесі ескеріліп, жеке шешімдер әзірленіп жатыр.
"Бірқатар жоба бойынша жаңа инвесторларды іздеу мен тарту, сондай-ақ, қаржылық-экономикалық модельдерді қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр", – делінген министрліктің жауабында.
Кей жағдайларда компанияларға даму институттарының тетіктерін қоса алғанда, мемлекеттік қолдау қажет екені айтылды. Алайда ведомство құпиялыққа байланысты нақты мәлімет ұсынбады.
Сондай-ақ, министрлік кейбір жобаларды іске асыру орынсыз деп танылуы мүмкін жағдайларды да атады:
- жеткілікті қаржылық ресурстың болмауы;
- экономикалық тиімділіктің төмен болуы;
- инвестордың жобаны жүзеге асырудан бас тартуы;
- нарықтағы жағдайдың айтарлықтай өзгеруі.
"Тоқтап қалған және жүзеге аспай жатқан жобалар көбеймес үшін оларды қайта іске қосу, орнына жаңа инвестициялық жобалар тарту және жобаларды іріктеу мен қолдау жүйесін жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп түйіндеді министрлікте.
Бұған дейін, көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Қытай компаниясындағы қаржылық қиындықтарға байланысты локомотив зауытының құрылысы уақытша тоқтағанын мәлімдеген еді. Жоба Ақмола облысы аумағында жүзеге асырылуы тиіс болған.