April 11. 2025. 3:34

Казахстан

POLITICS & ECONOMICS & NEWS

Республика күніне орай Ақмола облысының 49 950 тұрғынына материалдық қолдау көрсетіледі

Ақмола облысында Республика күніне орай халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 49 950 адамға әлеуметтік төлем жасалады.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Өңірдің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, ақшалай төлем алатындардың арасында 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 3330 бала, сондай-ақ, 1, 2, 3-топтағы мүгедек 26103 адам бар, оның ішінде бірінші топта – 3093 адам, екінші топта – 10781 адам, үшінші топта – 12229 адам. Бұдан бөлек, ең төменгі зейнетақы алатын 20 550 зейнеткерге қолдау көрсетіледі.

– Республика күніне орай облыстың 13 өңірінде, дәлірек айтсақ, Көкшетау және Қосшы қалалары, Атбасар, Аршалы, Ерейментау, Жақсы, Жарқайың, Зеренді, Сандықтау, Целиноград, Шортанды, Қорғалжын және Біржан сал аудандарында төлемдер жоспарланған. Бұл аудандардың 11-де төлемдер биылғы жылдың 2 қазанынан бастап жүргізіліп келеді. Ал Қосшы қаласы және Қорғалжын аудандарында төлемдер 25 қазанға дейін жүзеге асырылады, – деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының баспасөз қызметінен.

Ведомстводан атап өткендей, облыстың 7 өңірінде халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы ақмолалықтарға жоспарға сәйкес 2023 жылдың 30 тамызы – Конституция күніне орай қаражат төленген.

– Ақкөл, Астрахан, Бұланды, Бурабай, Егіндікөл, Есіл аудандары мен Сепногорск қаласының тұрғындары ақшалай төлемдерді алды. Ерекше қажеттіліктері бар облыс тұрғындарын көтермелеу бойынша жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылатын болады, мерекеге орайластырылған әлеуметтік төлемдер жалғасады, – деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында егіні шығынға ұшыраған шаруаларға қолдау көрсетілетінін жазған едік.